Елімізде қалыптасқан тарихи органикалық ластағыштар 250 мың тоннаны құрап отыр

АСТАНА. 11 маусым. ҚазАқпарат - Қалыптасқан тарихи органикалық ластағыштардың жалпы көлемі 250 мың тоннаны құрап отыр.

Бұл туралы бүгін Мәжілісте еліміздің экоологиялық мәселелеріне арналған Үкімет сағатында Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров мәлім етті.

«Сот шешімімен иесіз әрі қараусыз деп танылған және республикалық меншікке түскен қауіпті қалдықтарды басқару мәселесі ерекше назарды талап етеді. Өйткені бүгінгі таңда қалыптасқан тарихи тұрақты органикалық ластағыштардың жалпы көлемі 250 мың тоннаны құрап отыр», - дейді министр.

Оның айтуынша, қазіргі күні органикалық ластағыштарды жоюға қатысты бірқатар шаралар қабылданып жатыр. Мәселен, Дүниежүзілік Банк органикалық ластағыштарды жою жөніндегі зауыт құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауға 200 мың доллар мөлшерінде грантты құптаған.