Елімізде қара металлургия саласында және түрлі-түсті металдар өндірісінде жағдай жақсарып келеді - Ә. Исекешев
Бұл туралы бүгін Астанада өткен тау-кен металлургия қызметкерлерінің ІІ съезінде Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, қара металургияда өткен жылдың қазанымен салыстырғанда өндірістің өсімі байқалады. Мәселен, есепті кезеңде жалпақ прокат өндірісі - 3,1 пайызға (2,5 млн тонна), мырыш прокаты - 2 пайызға (480,7 мың тонна) өскен. «2009 жылдың 10 айының ішінде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үлкен диаметрлі құбырлар өндірісінің 34,8 пайызға өсімі байқалады», деді министр.
Сонымен қатар көрсетілген кезеңде түрлі-түсті металдар өндірісінде де өндірістің өсімі білініп отыр. Мәселен, өңделмеген күміс - 3,2 пайызға (554 тонна өндірілген), аффинирленген күміс - 5,6 пайызға (550 тонна), өңделмеген алтын - 9,8 пайызға (18,6 тонна), аффинирленген алтын 33,5 пайызға (8,743 тонна) өскен. «Ресми статистиканың келтірілген деректері ағымдағы жылдың қазан айында өткен жылдың қазанымен салыстырғанда жоғарыда айтылған тауарлар бойынша жағдайдың жақсарғанын көрсетеді», деді министр.