Елімізде Қазақ ұлттық киімі күні акциясы өтуде (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елімізде Қазақ ұлттық киімі күні акциясы өтуде.

Әлеуметтік желілерде тап осы күні әрбір Қазақстан азаматы қазақтың ұлттық киім үлгісінен киім кисін деген талап-тілектер жазылып жатыр.

Мәселен, Алматыда бүгін Халықаралық "Көшпенділер Атамұрасы" қоғамдық қоры және "Қуырдақтың көкесі" дәмханасы, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың "Мәдени мұра" және "Халық тарих толқынында" бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында Қазақтың ұлттық киімі күніне арналған кешке шақырып отыр.

Бұдан бөлек, еліміздің өзге өңірлеріндегі орталықтарда осы тектес шаралар өткізілетіндігі туралы ақпараттар таратылуда. Бұл тұрғыда ұлттық киімдердің және қолөнершілердің бұйымдар көрмесін ұйымдастыру қамтылған.

Акцияларды ұйымдастырушылар атаулы күн күнделікті қазақтың бешпент, қамзол, шапанын киюге, сондай-ақ кенжелеп қалған отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға, туризм саласына да серпіліс беретініне сенімді. Жалпы, ұлттық киімді жұмысқа киіп келуге, сәнге айналдыруға ешкім қарсы емес. Негізінен құндылықтарымызды жаңғыртуға жастар да әзір.

Түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожа ұлттық киімді тек мереке күндерінде ғана киген дұрыс еместігін алға тартады.

«Біз негізінен еуропалық үлгідегі киімдерді киіп жүрміз. Кезінде біздің ұлттық киімдеріміз қандай керемет еді. Қазіргі кезде дизайнерлеріміз осы киімдерді жаңғыртып, шығарып жатқаны қуанышты. Осы үрдісті бүкіл халықтық дәрежеге шығаруымыз қажет. Тойда немесе мерекеде ғана емес, жалпы күнделікті киіп жүретіндей мақсатты қою керек. Бұл өз кезегінде елімізде үлкен бетбұрыс болар еді»,-дейді ғалым.

Естеріңізге сала кетейік, бір жыл бұрын тарихшы әрі жазушы Арман Нұрмағамбетовтің «Ұлттық киім күнін» атап өту туралы бастамасына әлеуметтік желілерде көпшілік бірден қолдау көрсеткен болатын. Автордың ойынша, жұртшылық сол күні жаппай қазақтың ұлттық киімін киюі керек. Бұл мерекені тойласақ, жеңіл өнеркәсіп пен туризм қарыштап дамиды.

«Неге біз еуропалық киімді киіп жүреміз? Өзіміздің сәнімізді бағаламаймыз. Бір күн болса да жылда ұлттық киімді бүкіл ел киіп шықса пайда көп. Бір жағынан әдемі болып шығады», - деп айтқан еді сол кезде идея авторы Арман Нұрмағанбетов.