Елімізде қазан айындағы инфляция деңгейі 0,3 пайызды құрады

АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат - Елімізде қазан айындағы инфляция деңгейі 0,3 пайызды құрады. Бұл ретте баға азық-түлік емес тауарларына өткен айда 0,4%, азық-түлік тауарларына және ақылы қызметтерге - 0,2 %-дан өсті. Бұл туралы ҚР Статистика агенттігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Атап айтқанда, өткен айда республика бойынша орта есеппен бағаның өсуі жұмыртқаға 8,6%, қызанаққа - 6,8%, қиярға - 6%, шикі сүтке - 3,4%, ұнтақ жармаға - 1,7%, ірімшік және сүзбеге - 1,2%, тұздалмаған сары майға - 1,1%, жаңа ауланған және салқындатылған балыққа - 0,7%, нанға, сұлы жармаға, макарон өнімдеріне - 0,6%-дан, тоқаш және ұннан дайындалатын кондитер өнімдеріне - 0,5%-ға тіркелген.

Бұдан бөлек, бағаның төмендеуі картопқа 7,4%, жаңа жиналған көкөністерге - 4%, қарақұмық жармаға - 1,5%, жаңадан жиналған жемістерге - 1%, күнбағыс майына - 0,7%, сөкке, қантқа - 0,3%-дан белгіленді. Сонымен қатар, бағалар қатты отынға 2,3%, шыны және қыш бұйымдарына - 0,7%, киім және аяқ киімдерге - 0,4%, жуғыш және тазалағыш құралдарға - 0,3%, тұрмыстық аспаптарға, фармацевтикалық өнімдерге - 0,2%-дан өсіп, бензин 1,8%, дизель отыны - 0,5%-ға қымбаттады.

Сонымен қатар, баға деңгейі демалыс, ойын-сауық және мәдениет саласындағы қызметтерге 0,7%, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындарының қызметтеріне - 0,5%, денсаулық сақтау, мейрамханалар мен қонақ үйлердің қызметтеріне - 0,3%-дан жоғарылады, ал алыс қашықтыққа қатынайтын жолаушылардың темір жол көлік қызметтеріне - 1,9%-ға төмендеді. Ал тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер суық суға 1%, кәрізге - 0,9%, қоқыс жинауға - 0,5%, тұрғын үйді күтіп ұстауға - 0,2%-ға өсті, ал электр энергиясына - 0,2%-ға төмендеген.