Елімізде кедендік декларациялардың 100 пайызы қашықтан тапсырылады
«Бүгінгі күні жеке және заңды тұлғаларға 44 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, оның ішінде 38-і - электронды түрде. Өткен жылы 22,3 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның 97 пайызы - электронды түрде. Мемлекеттік кірістер комитетінің Байланыс орталығы 2020 жылы 670 мыңнан астам салық төлеушілердің өтінішін өңдеді. Олардың 91 пайызы операторлардың жұмысын «өте жақсы» деп бағалады», - деді Ерұлан Жамаубаев.
Оның айтуынша, адамдар көбінесе жергілікті салықтарды төлеу, салық берешегінің сомалары, есептіліктерді толтыру және тағы басқа мәселелер бойынша жүгінеді.
«Енгізілген цифрлық технологияларға келетін болсақ. 2019 жылы біз Астана-1, Электрондық шот-фактуралар, Тәуекелдерді басқару жүйесі ақпараттық жүйелерін енгіздік. Бүгінгі күні салық декларацияларының 99 және кедендік декларациялардың 100 пайызы қашықтан тапсырылады. «Электрондық шот-фактуралар» жүйесін енгізу контрагенттер арасындағы мәмілелерді онлайн режимде қадағалауға мүмкіндік берді», - деді министр.