Елімізде келер жылға азық-түлік резервін сатып алу басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз қабылдаған былтырғы шаралар биыл нәтижесін беріп жатыр. Сондықтан ол шараларды әрі қарай жалғастырамыз. Форвардтық сатып алуды арттырамыз, яғни тауар өндірушілерден тікелей сатып алуға басымдық беріледі. Азық-түлік өнімдерін сатып алуда бастапқы баға тұрақтылығын сақтап қалу маңызды», - деді Серік Жұманғарин Үкімет үйінің кулуарында журналистердің сұрағына жауап бере тұрып.

Оның айтуынша, елдегі азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі бойынша кеңес өтті.

«Өткен сенбіде жиналыс өткіздім. Қазір біз 2024 жылдың көктеміне азық-түлік өнімдерін сатып алуды бастадық. Ал осы күзге өнім сатып алудың мәні жоқ. Одан бөлек, келесі жылы сәуір және маусымда тағы сатып аламыз», - дейді ол.

Бұған дейін Серік Жұманғарин елдегі жанар-жағармай бағасының қымбаттауы азық-түлік құнына қалай әсер ететінін айтқан еді.