Оның атап өтуінше, 2013-2014 оқу жылдарында еліміздің барлық мектептері Үкімет қаулысымен бекітілген бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары және ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен бекітіліген орта мектептерге арналған оқу бағдарламасы негізінде білім береді. Бірақ, бұл құжаттар оқулықтар жарыққа шыққаннан кейін ғана қабылданған. Соның салдарынан пән бағдарламалары мен оқулықтар арасындағы алшақтықтар орын алып отыр.
«Мәселен, жаңа бағдарлама бойынша жаратылыстану-математика бағытында 11-сыныпқа арналған Қазақстан тарихы пәніне 68 сағат қарастырылған. Ал оқулықта материалдар 34 сағатқа есептелінген, яғни 2 есе кем. Тіпті, 19 тақырып бойынша материал мүлдем жоқ. Сонымен қатар жаңа бағдарламада Дүниежүзі тарихын оқу қарастырылғанымен оқулығы жоқ. Гуманитарлық бағыттағы оқулықтарда да дәл осы жайт. Бағдарлама жаңа, ал оқулық жоқ», - деді ол.
Халық қалаулысының атап өтуінше, 11-сыныпқа арналған «Адам және қоғам» пәні бойынша да 36 сағат оқыту көзделгенімен, оқулықта небәрі 16 сағатқа арналған материал бар. 11-сыныпқа арналған «Қазіргі заман тарихы» пәнінің оқулығы да жоқ.
«Биология оқулықтары бойынша ахуал тіпті қиын. Оқулық ескі, ал бағдарлама жаңа. Соның нәтижесінде 6-сыныпта 22 тақырып бойынша материал жоқ, 30 тақырып 7-сыныпқа берілген. Ал бағдарлама бойынша оны олар 6-сыныпта оқуы тиіс. 7-сыныпта 16 тақырып берілген, ал олар болса 6-сыныпта оқылған, тағы 21 тақырып бойынша мүлдем материал жоқ», - деді Г.Исимбаев.