Елімізде көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық деңгейі қандай?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл қазақстандықтарды аса толғандырған көктемдегі ерекше өзекті мәселелердің бірі - су тасқыны қаупі болатын. Су тасқыны - бұл қардың еруі, жауын-шашынның мол болуы. Сонымен қатар өзендердегі, көлдер мен теңіздердегі су деңгейінің көтерілуі нәтижесінде жерді айтарлықтай су басуы. Су тасқыны кенеттен пайда болып және бірнеше сағаттан 2-3 аптаға дейін созылуы мүмкін. «Қазгидромет» РМК көктемгі күн райына байланысты болжамына сәйкес, кеш келетін көктемде күн күрт жылынатын Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында су басу қаупі жоғары делінген.

Расымен биыл күннің күрт жылынуына байланысты Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды және Ақмола облыстарында бірқатар ауылдар мен елді-мекендер қауіпті жағдайды бастан кешті. Тасқын су қоры күткен көлемнен мол болды. Тілсіз жау айтып келмейді. Табиғаттың тосын мінезінен аталған елді мекендердегі халықтың даурығып отырғаны рас. Алайда мұндай жағдайда сабыр сақтау маңызды.

ҚР ІІМ мәліметіне сүйінсек, биылғы су тасқыны кезеңіне дайындық осал болған жоқ. Атап айтсақ, су тасқыны кезеңінің апатсыз өткізу мақсатында, жергілікті атқарушы органдар ҚР Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, су тасқынына қарсы алдын алу шараларының кешенін іске асырды. Бұл ретте Қазгидрометтің өзендердің сулылығы, қар қорының бар-жоғы және ауа райы болжамының мәліметтері ескерілді.

Нақтырақ сандарға келетін болсақ, 2017 жылдың басынан бері 8,9 шақырым бөген жөнделді. 3,8 шақырым уақытша бөгендер тұрғызылды, 15,6 шақырым жаға нығайту орындалды. Сонымен қатар 24 шақырым арналардың түбі тереңдетілді. Автомобиль жолдары мен көпірлер астындағы 3079 және 1908 темір жолы астындағы су өткізу құбыры тазартылды.

Су тасқыны салдарларын алдын алу мақсатында елді мекендердің әкімдіктері 12,6 млн. м3 қар шығарды. Сондай-ақ, 8 мың тоннадан астам көлемде ЖЖМ, 219 мың тоннадан астам инертті материалдар, 958 мың қап және 19,8 тонна жарылғыш зат қоры дайындалды.

Халықты эвакуациялау жағдайына 1707 халықты қабылдау пункті дайындалды. Сол пунктерге адамдарды жеткізу үшін қажетті көлік саны айқындалып, әзірленді. Эвакуацияланған халықтың тіршілігін қамтамасыз ету үшін әкімдіктер қажетті құралдарды, тамақ өнімдері мен ауыз су қорын ұйымдастырды.

Егер су тасқыны ахуалы күрделене түсетін жағдайда ҚР ІІМ жалпы саны 12 мың адам, 2 мың бірлік техника мен 300 жүзу құралдары бар күштер мен құралдар топтамасы құрылып, сақадай сақ тұрды.

Оған қоса биыл 9-10 наурыз аралығында азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының күштері мен құралдарының көктемгі су тасқынына қатысты дайындығын тексеру мақсатында «Көктем-2017» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу болып өтті. Барлық облыстарда, сонымен бірге Астана мен Алматы қалаларында авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізудің тәжірибелік іс-қимылдарын пысықтау бойынша тактикалық-арнайы оқу-жаттығулы өткізілді.

Бүгінгі таңда барлық өңірлерде елді мекендер бойынша рейдтер, халықпен жиындар өткізіліп, су тасқыны кезеңіндегі іс-қимыл қағидалары бар жадынамалар таратылуда. Су тасқындары кезінде елді мекендегі тұрғындарды құлақтандыру және ақпараттандыруды жұмыстарын ұйымдастыру үшін барлы қолжетімді әдістер қолданылуда.