Елімізде қолға алынған өзгерістің бәрі ұрпақ үшін жасалып жатыр - Президент

ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат – Ана мен балаға қамқорлық келешекте де жалғаса береді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысы жұртшылығымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

«Алматы облысы – бала туу көрсеткіші бойынша көш бастап келе жатқан өңірдің бірі. Осы өңірде 45 мыңға жуық көп балалы отбасы тұрады. «Балалы үй – базар» дейді халқымыз. Шын мәнінде, бала – біздің қуанышымыз, бала – біздің болашағымыз. Елімізде қолға алынған өзгерістің бәрі ұрпақ үшін жасалып жатыр. Мен Жолдауда айтқанымдай, жаңа жылдан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылатын болды. Сондай-ақ, әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылдадым. Ана мен балаға қамқорлық келешекте де жалғаса береді», - деді Президент.