Елімізде коммуналдық қызметтерге қарыз 8,3 млрд. теңгеден асып түседі

АСТАНА. 31 мамыр. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Республика тұрғындарының коммуналдық қызметтерге қарызы 8,3 млрд. теңгеден асып түседі.

Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық форматтағы отырысы барысында ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин мәлім етті.

«Ағымдағы жылғы 30 мамырдағы жағдай бойынша қарыз 8 млрд. 323 млн. теңгені құрайды. Өткен айда қарыз 421 млн. теңгеге төмендеді», - деді ол.

Агенттік басшысының атап өтуінше, өңірлерге қарыздарды төмендету және сот арқылы қарыздарды өндіріп алу бойынша жұмыстарды жандандыруға ұсыныстар берілген. Бұл орайда әкімдіктерге кассалық қызмет көрсетуді жақсарту, қарыздарды бөліп төлеу, өсімақыны алып тастау сынды акциялар ұйымдастырып отырған Жамбыл облысының тәжірибесін пайдалануға кеңес берілді.