Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде төтенше жағдайлар қызметінің қорытындыларына арналған Үкімет сағатында мәлім болды.
Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың айтуынша, өткен жылы 85 бірлік өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникасы, 1194 бірлік авариялық-құтқару және өрттен құтқару жабдығы сатып алынған. Нәтижесінде 2011 жылмен салыстырғанда Төтенше жағдайлар министрлігіндегі автокөлік және арнайы техникамен жарақтандыру 5,9 пайызға, жабдықпен жарақтандыру 9,6 пайызға өскен. Тоқтала кететін жайт, министрдің мәліметіне қарағанда, сатып алынған өрт сөндіру жабдықтарының 60 пайызға жуығы қазақстандық нарықтың өнімдері болып табылады.
«Өрт қауіпсіздігі қағидасы мен нормаларын сақтауға қатысты өндірістік және әлеуметтік мәдени мақсаттағы 77887 нысан тексерілді. Өрт қауіпсіздігі нормалары мен қағидаларын бұзғаны үшін 37396 лауазымды тұлғаға айыппұл салынды. Ауданаралық экономикалық соттарға нысандар қызметін тоқтату үшін 3341 талап арыз берілді», дейді В. Божко. Оның айтуынша, былтырдан бері өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін 6220 нысан мен 6 кәсіпорынның жұмысы тоқтатылды. 120 млн. теңгеден астам сома көлемінде 3231 кәсіпорын басшысына айыппұл салынды.