Оның айтуынша, күн сайын елімізде 5 мыңнан астам ұландық жауынгер полиция қызметкерлерімен бірге 19 қалада қоғамдық қауіпсіздікті қадағалайды.
-Ермек Мықтыбайұлы, алдымен Ұлттық ұланның жауынгерлік қызметі жөнінде айтып өтсеңіз?
-Жалпы, жауынгерлік қызмет ұғымының аясы кең. Біз ішкі істер органдарымен, басқа да күштік құрылымдармен бірлесе отырып, қоғамның тұрақтылығы мен тыныштығын қамтамасыз етеміз. Жауынгерлік қызмет бірнеше бағытқа бөлінеді. Мысалы, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерді күзету, арнайы және әскери тасымалдау, кинология қызметі және өзім қызмет атқаратын қоғамдық тәртіпті ұйымдастыруды айтуға болады. Бір сөзбен келтірсек, жауынгерлік қызмет – әскердің діңгегі. Барлық салаға жауап бере алмаймын. Дегенмен қоғамдық тәртіп туралы бір-екі ауыз сөз айтып өтейін. Ұлттық ұлан өзі құрылғаннан бері 13 мыңға жуық қоғамдық-саяси және басқа бұқаралық іс-шараларды қамтамасыз етті. Атап айтқанда, Бесінші Астана экономикалық форумы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, 2010 жылы өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті, 2011 жылғы Азия ойындары, ТМД елдері басшылары кеңесінің және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің отырыстары. Сондай-ақ 2017 жылдың ақпанында Алматы қаласында болған 28-ші Бүкіләлемдік қысқы универсиада кезінде ұлан жауынгерлері қызметтерін абыроймен атқара білді. Ал, екінші ерекше шара – 2017 жылдың үш ай жазында Астанада өткен мамандандырылған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі. Оған әлемнің 115 мемлекетінен және 22 халықаралық ұйымнан делегациялар келді. Осындай ел өміріндегі елеулі оқиғаларда Ұлттық ұланның жауынгерлері күндіз-түні қауіпсіздікті қадағалап, тыныштық жолында тыным таппай қызмет жасады. Универсиада кезінде жеке құрамнан 1200-дей жауынгер тартылды. Ал «ЭКСПО-2017» көрмесінде 1500 жауынгер қоғамдық тәртіпті қорғады. Жүйелі түрде жүргізілген жұмыстар нәтижесіз емес. Оған сандар айғақ. Соңғы жылдары көшеде болатын қылмыс саны 40 пайызға дейін азайған. Сонымен қатар елімізде төтенше жағдай жарияланғанда, карантиндік шаралардың орындалуына атсалысты.
-Қызметтік иттер Ұлттық ұланда кеңінен қолданылып келеді. Қылмыскерлерді, есірткі мен қаруды іздейді. Тәртіп бұзушыларды ұстайды. Жоғалған азаматтарды табуға көмектеседі. Күн сайын құқықтық тәртіп әскерлеріндегі қызметтік-жауынгерлік әрекетке қатысады. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде қызметтік иттердің пайдасы көп пе?
Әрине, көп. Бізде қоғамдық тәртіпті қорғауға қатысып, үздік нәтиже көрсеткен қызметтік иттер бар. Мысалы, 6697-әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальонының «Джек» деген қызметтік иті бар. Қоғамдық тәртіпті сақтау және ішкі істер органдарына көмек көрсету бойынша қызмет атқару кезінде «Джек» жоғары нәтижелер көрсетті. «Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасы барысында ішкі істер органдарына көмек көрсетті. Қызметтік ит жалпы салмағы 76 грамм болатын, ерекше иісі бар жасыл түсті өсімдік тектес затты қалтасына жасырған азаматты анықтап берді. Сонымен бірге 2021-2022 жылдар кезеңінде қоғамдық тәртіпті қорғау бойынша қызмет атқару кезінде өте жақсы нәтижелер көрсеткен көкшетаулық «Малыш» атты қызметтік ит бар. Осы уақытқа дейін бірде-бір тәртіп бұзушыны жібермеді. «Малыштан» әлі ешкім қашып құтылған емес.
Бірде Көкшетауда әскери жасақ күдікті азаматты байқайды. Әскери жасақ ер адамнан тоқтауды сұрайды. Ол ұландықтардың айтқанына құлақ аспай, бірден қаша жөнеледі. Патрульші-кинолог сержант Д.Рахметов «Тоқта! Мен қызметтік итті қолданамын!» деп айқай салады. Қашқын ескертуге жауап берген жоқ, содан кейін тұмылдырықтағы «Малыш» қуа жөнеледі. Қызметтік ит қашқынды қуып жетеді де, жерге құлатады. Патрульшілер келгенше жібермей, ұстап тұрады. Ұсталған азамат Л.-ды тексеру барысында оның ҚР ҚК 188-бабы 1-бөлігі бойынша іздестіріліп жатқаны анықталды. Күдікті Көкшетау қаласының полиция басқармасына жеткізілді.
-Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен биыл Балалар жылы болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай не айтар едіңіз?
-Ұлттық ұлан сарбаздары мен офицерлері құқықтық тәртіпті сақтаумен бірге азаматтарға балалары мен басқа туыстарын табуға жәрдемдеседі. Өткен жылы әскери қызметшілер жоғалған 22 баланы тауып, жақындарына қайтарды. Көбіне балалар жазғы уақытта жиі жоғалады. Қалалық саябақтарда, мәдениет орындарында белсенді отбасылық демалыс кезінде осындай жағдайға тап болып жатады. Балалар алаңда қалып қояды, кейде жүгіріп кетеді. Ата-аналар баласын өз бетінше таба алмаған соң тәртіп сақшыларына жүгінеді. Әскери жасақ әрқашан жалғыз жүрген балаларға назар аударады. Ұландық жауынгерлер олармен амандасады, сөйлеседі, кіммен жүргенін сұрайды. Балалар әскери формадағы адамдарға сенеді. Сондықтан олар жоғалып кеткенін және үйге жол таба алмай жүргенін жасырмай айтады. Нәтижесінде біз дереу шара қолданып, балаларды жақындарына қайтарамыз.
-Сөз соңында өзіңіз және отбасыңыз туралы бірер дерек келтірсеңіз?
-Мен Солтүстік Қазақстан облысының тумасымен. ҚР Ұлттық ұланының академиясын тәмамдап, взвод командирінен бастап жауынгерлік қызмет офицері секілді лауазымдарды барынша жауапкершілікпен атқарып келемін. Жарым Ботагөз Жияншақызы екеуміз Мәлика, Санжар есімді ұл-қызымызды тәрбиелеп отырмыз. Қысқаша айтқанда, осы.
-Әңгімеңізге рахмет!