Елімізде күнкөріс шегін есептеу әдісі өзгереді

АСТАНА. Қаңтардың 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Елімізде күнкөріс шегін есептеу әдісі өзгереді.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі таңда ең төменгі әлеуметтік стандарттар, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау стандарттары, әлеуметтік көмек көрсету және әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары әзірленіп, бұлар бірте-бірте енгізіліп жатыр. Бұл бағытта біріншіден, базалық әлеуметтік стандарт - төменгі күнкөріс деңгейін жетілдіру жұмыстары жалғасады. Алғашқы кезең бойынша 2015 жылға дейін халықтың тұтыну шығындары құрамындағы өзгерістерді ескере отырып, төменгі күнкөріс деңгейінің құрылымына өзгерістер енгізіледі, бұл өз кезегінде оның мөлшерінің ұлғаюына септігін тигізеді. Бұдан кейінгі кезекте Еуропалық қоғамдастық елдерінде қалыптасқандай, халықтың әл-ауқатының артуына қарай медициналық кіріс негізінде төменгі күнкөріс деңгейін анықтауға көшу мүмкіндігі қарастырылады», деді Г. Әбдіхалықова.

Оның айтуына қарағанда, бұндай әдістерге және төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне сәйкес, жалақының төменгі мөлшері, ең төменгі зейнетақы мен жәрдемақылар, әлеуметтік көмек және қолдау көрсетудің шекті деңгейі кіретін - мемлекеттік әлеуметтік төменгі стандарттар ретке келтірілетін болады.