Елімізде мал басын екі есеге арттыруға мүмкіндік бар - А. Мамытбеков

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан ауыл шаруашылығындағы мал басын екі есеге дейін арттыру мүмкіндігіне ие. Бұл туралы бүгін Астанада азық-түлік қауіпсіздігіне арналған конференция барысында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.

«Қазақстан өзінің жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұрған мемлекет. Елімізде ауыл шаруашылығы саласы бағытындағы алқаптар 180 миллион гектарды құрайды. Ал бүгінгі таңда ауыл шаруашылығында пайдаланылатын жер көлемі осының тек жартысын, шамамен 90 миллион гектарын ғана алып отыр. Соның ішінде егіс алқаптары - 24 миллион гектар болса, 66 миллион гектары жайылымдар. Яғни, бір сөзбен айтқанда қазіргі таңда елімізде ауыл шаруашылығы бизнесіне пайдалануға болатын жер көп», - дейді министр.

Оның есептеуінше, егер шамамен бір бас малға, соның ішінде бір бас ірі қара немесе жылқыға тиетін жер көлемін 80 гектар деп алсақ, онда Қазақстанда мал басын бүгінгіге қарағанда екі есеге дейін арттыруға мүмкіндік мол. Бұдан бөлек, министр ауыл шаруашылығы саласында қолданылатын жер көлемінен басқа , ондай жерлерді жіті пайдалануға да көбірек маңыз бөлу керектігін атап өтті.