деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шараны Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының Бас мүфтиі Әбсаттар Дербісәлі өзінің құттықтау сөзімен ашты. Ол Мәуліт мерекесінің тарихына тоқтала келе, бұл мейрамның елімізде ертеректе де тойланғанын атап өтті. Сондай-ақ ол пайғамбарымыздың өмірінен, қалдырған өсиеттерінен мысалдар келтіре отырып, халықты имандылыққа, ізгілікке шақыратын лебізін білдірді. «Мәуліттің тойланып келе жатқанына мың жылдан асты. Бұл дәстүр қазақ елінде бұрыннан бар, кеңінен тараған еді, бірақ белгілі себептерге байланысты үзілістер болды. Мәуліт жыры мешіттерден басталады, еліміздің барлық мешіттерінде осы мейрам атап өтіліп келе жатыр. Басқа мұсылман елдерінде бұл мереке 1 ай бойы тойланады», дейді Бас мүфти.
Сондай-ақ мерекелік шараға Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Махамбет Байдәлі келіп, жиналған қауымды бүгінгі Мәуліт мерекесімен құттықтап, өзінің тілегін жеткізді. «Қазір Ислам елдерінің барлығында Мәуліт мерекесі атап өтілуде, бұл пайғамбарымызға деген сүйіспеншілік, құрметіміз», - дейді аудан әкімі.
Мерекелік шара барысында діни мадақ жырлары мен әндер орындалып, театрландырылған қойылымдар көрсетілді.