Елімізде миллионға жуық адам остеопорозбен зардап шегуде

АЛМАТЫ. Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ - Бүгін Халықаралық остеопорозбен күресу күні.

Осы күнге орай  Алматыда  остеопороз бойынша Қазақстандық дәрігерлер қауымдастығы Қазақстан сүт одағының қолдауымен баспасөз конференциясын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанда остеопороз мәселесі дүниежүзінде сияқты, денсаулық сақтау жүйесінің өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Соңғы жылдары бұл аурудың таралуы күнннен күнге артуда. Елімізде миллионға жуық адам остеопорозбен зардап шегуде. Біздің жүргізілген денситометриялық зерттеулер нәтижесі бойынша 50 жастағы және одан асқан әйелдердің 33,1 пайызында, ер адамдардың 24 пайызында  остеопороз анықталып отыр. Өкінішке орай, бүгінгі күні бұл ауруға балалар да шалдығуда. Бұл аурудың қауіпті екенін әр бір азамат білуі тиіс. Сондықтан да 2-ақ жыл бұрын құрылған біздің  қауымдастық  остеопорозбен күресу күнін өткізіп отыр. Шараның мақсаты - қоғам назарын остеопороз мәселесіне  аудару, халыққа бұл аурудың алдын алу профилактикасын түсіндіру», дейді  остеопороз бойынша Қазақстандық дәрігерлер қауымдастығының Президенті Гүлжан Ғабдуллина.

Оның айтуынша, 2010 жылы елімізде қаңтар айының 1-інен бастап «Сақ болыңыз, остеопороз» атты бағдарлама жүргізілетін болады. Ол шараның мақсаты - тұрғындар мен медициналық қызметкерлердің арасында   остеопороз және  остеопороздық сынықтардың мәселесі бойынша білімдерін арттыру, аурудың таралуын зерттеу, осы аурудың диагностикасы мен емін жетілдіру, мемлекеттік ұйымдардың тұрғындарға ақысыз скринингтік тексерулерді жүргізу қажеттілігіне көңіл аударту, дейді Г. Ғабдуллина.

«Остеопороз  мәселесі Алматы және Алматы облыстарында да өзекті болып отыр, өйткені біздің аймақта йод тапшылығынан қалқанша безінің ауруларының жиілігі жоғары, ал оның себептері остеопороз ауруына әкеліп соғады. Сондықтан да тұрғындар көп қозғалулары қажет, физикалық жаттығулар жасау керек, кальций және Д витамині бар тағамдарды, сүт өнімдерін  жеткілікті пайдалану керек», дейді медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ Ұлттық медициналық университетінің амбулаторлы емханалық терапия кафедрасының меңгерушісі Бақытшолпан Исаева.

Шара аясында ұйымның ұсынысымен сүйек тінінің тығыздығын анықтағысы келетіндер үшін тегін әлеуметтік акция өтуде.