«2018 жылы Қашағаннан 12 миллион тонна мұнай өндіруді жоспарлап отырмыз. Әрине, мұнымен шектеліп қалмаймыз. Біз кен орнын өңдеудің алғашқы кезеңінде келе жатырмыз. Кен орнының мүмкіндіктерін кеңейту бойынша тұжырымдаманы аяқтаған соң, Қашағаннан мұнай өндіру көлемін арттыруға көшеміз. Аталмыш кен орнының болашағы зор», - деді М. Мырзағалиев.
«Бізде экспорттайтын бағыттарымыз бар. Қашаған мұнайы Каспий құбыр желісі консорциумының бағыты бойынша Қара теңізге және әлемдік нарыққа жеткізіледі. Бізде Каспий бағытын дамыту бойынша арнайы жоспарлар бар. Сондай-ақ, Ақтау теңіз порты, Құрық порты арқылы Баку, Махачкалаға тасымалдауға мүмкіндік бар. Еліміздің энергия ресурстарын эспорттауда ешқандай кедергілер көріп тұрған жоқпыз», - деді энергетика вице-министрі.
Еске салайық, осы күндері Атырауда Солтүстік Каспий жобасына 25 жыл толуына орай салтанатты шаралар өтіп жатыр. Каспий теңізіндегі қазақстандық сектордың геологиялық қоры 12-17 миллиард тонна деп бағалануда.