Елімізде наурыздың 1-нен бастап визаларды берудің жаңа ережелері күшіне енеді

АСТАНА. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Еррнұр Ақанбай/ - Ағымдағы жылғы наурыздың 1-нен бастап ҚР Сыртқы істер министрлігінің және ҚР Ішкі істер министрлігінің бірлескен бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының визаларын беру ережелері» күшіне енетін болады.

Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры Самат Жаңабай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, жаңа Ережелерді қабылдаудағы негізгі мақсат - оның қағидаларын қазіргі көші-қон жағдайымен сәйкестендіру, сонымен қатар Қазақстан аумағына шетел азаматтарының келуін реттеу. «Атап өтерлігі, Ережелерде тұңғыш рет визаның «миссионерлік» және «шығу» аты жаңа санаттары енгізілді. Миссионерлік визаны енгізу діни-ағартушылық қызметпен шұғылданатын шетелдіктердің Қазақстан аумағына келуін реттеу мақсатымен байланысты. Шығу визалары Қазақтан аумағында тұрақты тұратын және шетелге тұрақты тұруға шығатын, сондай-ақ шекарадан өтуге құқық беретін Қазақстан аумағында жоғалған паспортқа немесе басқа да құжаттарға берілетін болады», деді С. Жаңабай.

Оның сөзіне қарағанда, сонымен қатар Ережеде «визалардың түрлері» деген ұғым алынып тасталған. Барлық визалар, жоғарыда аталған «шығау» санатынын басқасы, «кіру-шығу» деп беріледі. Бұған қоса, үш мәртелік жеке сапар және туристік визалар беру туралы тәжірибе енгізілген. Бұлар 90 күндік мерзімге дейін беріледі. Ережелерде мемлекеттік органдардың, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық өкілдіктердің, шетелдік мемлекеттердің консулдық мекемелерінің, халықаралық ұйымдардың шақыртуы бойынша Қазақстан аумағына келетін шетелдік азаматтардан тыс заңды тұлғалардың шақыртуымен келетін «іскерлік» санатындағы визамен келетін шетел азаматтарының визалары ұзартылмайды. Бұған қоса «жеке сапар», «туристік», «миссионерлік», «транзиттік» санаттарындағы визалар ұзартылмайды. Елімізге шетелдіктердің келуіне қатты негіз болса ғана, визалар ұзартылуы мүмкін. Сонымен бірге, Ережеде шетелдіктердің Қазақстан аумағында жүруінің жалпы мерзімін шектеу қарастырылған. Атап айтқанда, үш жыл мерзімге берілетін «іскерлік» санатындағы виза бойынша шетелдіктер еліміздің аумағында жылына 120 тәуліктен артық жүре алмайды. 90 тәулікке дейін берілетін «туристік» санатындағы виза бойынша шетелдіктер әрбір келген сайын еліміз аумағында 30 тәуліктен артық бола алмайды. Қазіргі Ережелердің бұрынғы нұсқаулықтан ерекшелігі - шетелдік азаматтарды шақыртудағы рәсімдеу тәртібі оңайлатылған. Яғни, жаңа Ережеге сәйкес, шақырушы мекеме визалық қолдауға рұқсат алу үшін жеке сапарды санамағанда, көші-қон полициясы органының келісімінсіз тікелей Сыртқы істер министрлігіне өтініш білдіре алады.