Халық әрдайым спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын қалыптастырса, мұндай дертке шалдыға қоймайды. Бұл жайында бүгін Қазақ онкология ғылыми-зерттеу институтының директоры Жеткерген Арзықұлов Алматыда өтіп жатқан "Өкпе рагына қарсы бірге күресейік" атты ғылыми-тәжірибелік конференция барысында айтты.
Оның айтуынша, мұндай дертке Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласы сияқты өндіріс орындары көптеп орналасқан аймақтардың тұрғындары жиі шалдығады екен. "Халықтың өкпе дертіне шалдығуының алдын алу мақсатында мемлекеттік бағдарламалар іске асырылып жатыр. Шылым шегудің зиянды екендігі, оның соңы қатерлі ісік ауруларына әкеп соғатындығы жайында жарнамалық роликтер түсіріліп, көшедегі билбордтарға жарнамалар ілінді"-дейді Ж. Арзықұлов.
Сонымен қатар ол елімізде қатерлі ісікке шалдығудың алдын алу жұмыстары белсенді жүргізіліп отырғандығын және онкологиялық орталықтардың соңғы заманауи құрылғылармен жабдықталғандығын айтып өтті. "Қазан айында ТМД елдері онкологтарының 6-сездъінде қазақстандық мамандардың жеткен жетістіктері ескеріліп, 2012 жылы өтетін 7-съезді Қазақстанда өткізу туралы шешім қабылданды", - деп атап өтті өз сөзінде Жеткерген Арзықұлов.
Сондай-ақ ол осы дертті дер кезінде анықтап алдын алу мақсатында ертең қаламыздағы 18 мекемеде халықты онкологиялық тексеруден өткізу ашық есігі өтетіндігін жариялады. Алматыдан бастау алған бұл игі іс басқа облыстарда да өз жалғасын табатын болады.