Елімізде өндірілген фармацевтикалық препараттардың жартысына жуығы ОҚО үлесінде - Б.Атамқұлов

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Республика бойынша өндіріліп жатқан фармацевтикалық препараттардың жартысына жуығы оңтүстік өңірдің үлесіне тиесілі. Бұл туралы бүгін ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлт жоспарының орындалу барысы туралы баяндаған өңір басшысы Б.Атамқұлов мәлім етті.

Облыс әкімінің айтуынша, Оңтүстік Қазақстанда фармацевтика кластері қалыптасуда, деп хабарлайды ortcom.kz сайты.

«Индустрияландыру картасы шеңберінде фармацевтика саласында 6 жоба жүзеге асырылды. «Химфарм» АҚ-ында жалпы құны 100 млн доллар 4 кезеңнен тұратын жоба жүзеге асырылуда. Бүгінде бірінші кезеңі іске қосылып, нәтижесінде 500 жұмыс орны ашылды. Ал биыл құны 10,5 млн долларлық ұнтақты антибиотиктерді өндіру цехының құрылысы аяқталады деп жоспарлануда», - деді облыс басшысы.

Бұдан бөлек, таблеткалар өндірісі және қан жинайтын контейнер өндіретін 2 зауыттың құрылысы басталды, ортопедиялық бұйымдар шығаратын зауытты іске қосу жұмыстары аяқталуда.

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясы - фармацевтикалық бейіндегі мамандармен нарықты қамтамасыз ететін Қазақстандағы жалғыз фармацевтикалық жоғарғы оқу орны.