Елімізде «Онлайн неке» байқауы жарияланды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы бүгін ЭЦҚ көмегімен өтініш бере отырып, жақын арада некесін тіркеген жұптар арасында «Онлайн неке» байқауын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Байқау талаптарын аталған корпорацияның Алматыдағы бөлімшесінің баспасөз хатшысы Жаңыл Әпетова түсіндірді.

«Өздеріңіздің танысу хикаяларыңызды, некені тіркеуге онлайн-өтініш бергеніңіз және ХҚО-ға бармай-ақ мемлекеттік қызметті алғаныңыз жайлы пост жазып, әсерлеріңізбен бөліссеңіздер болғаны. Бізді постта белгілеп, байқаудың нәтижесі шыққанға дейін аккаунтты ашық қалдырыңыз», - деді Жаңыл Әпетова.

Байқау 14 ақпанда қорытындыланатын болады. 3 жеңімпаз таңдалады. Басты жүлдегер ең көп лайк саны бойынша анықталады. Тағы екі жеңімпаз дауыс беру әдісімен таңдалады.