Елімізде оппозициялық басылымдар еркін таралады - Т. Әбішев

АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елімізде оппозициялық басылымдар еркін таралады. Бүгін елордада өтіп жатқан ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңындағы Шолу конференциясының Үкіметтік емес ұйымдары форумында сөз алған ҚР Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев осындай пікір білдірді.

Оның атап өтуінше, ҚР Конституциясының 98 бабының 30-ы, яғни 30 пайыздан астамы адам құқығы мен бостандығына арналған. ҚР-ның қолданыстағы Конституциясы, қолданыстағы заңы сөз бостандығына, бұқаралық ақпарат құралдарын еркін дамытуға кепілдік береді. Дегенмен, Конституцияға және заңға сәйкес цензураға шектеу қойылған.

Сондай-ақ ол өзінің алдында сөз алған әріптесінің оппозициялық басылымдардың еркін таратылуына билік тарапынан қысым бар деген пікірімен келіспейтіндігін білдіре келіп: «Взгляд», «Республика», «Алға», «Свобода слова» сынды басылымдар Қазақстан аумағындағы кез келген дүңгіршекте еркін таралады.Бұқаралық ақпарат құралдарының 85 пайызға жуығы мемлекеттік емес басылымдар. 35 газет 11 тілде,Қазақстан этностарының тілінде жарық көреді», - деді.

Сөзінің соңында ол Адам құқығы саласындағы ұлттық жоспарға сәйкес, сондай-ақ азаматтардың ақпарат алу құқығын қамтамасыз ету мақсатында Парламент Мәжілісінің депутаттары жария ақпаратқа қол жеткізу туралы заң жобасын әзірлегендігін атап өтті.