Елімізде осы жылдың мамыр айында күнкөрістің төменгі шегі 12 мың 568 теңгеге жетті
17:28, 01 Маусым 2009
АСТАНА. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Елімізде осы жылдың мамыр айында күнкөрістің төменгі шегі 1,5 пайызға өсіп, 12 мың 568 теңгеге жетті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Статистика агенттігіне сілтеме жасап. «Негізгі тамақ өнімдерін тұтынудың ең төменгі нормаларынан есептелген орташа халықтың жан басына шаққандағы күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы 2009 жылғы мамырда өткен аймен салыстырғанда 1,5 пайызға, 2008 жылғы мамырымен салыстырғанда ? 4,7 пайызға өсті. Оның құрылымында ет пен балықты сатып алуға жұмсалған шығынның үлесі - 19,1 пайызды, сүт, май өнімдері мен жұмыртқа ? 15,8 пайызды жемістер мен көкөністер ? 13,2 пайызды, нан өнімдері ? 9,5 пайызды, қант, шай және дәмдеуіштерді сатып алуға жұмсалған шығындардың үлесі ? 2,4 пайызды құрады», делінген Агенттіктің бүгінгі таратқан хабарламасында.Ең төменгі күнкөріс деңгейі - мөлшері бойынша ең төменгі тұтыну қоржынының құнына тең, бір адамға қажетті ең төменгі ақшалай табыс. Ең төменгі тұтыну қоржыны адам тіршілігін қамтамасыз етуге қажетті тамақ өнімдерінің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің заттай және құндық көріністегі ең төменгі жиынтығы болып табылады. Ол азық-түлік қоржынынан және азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтерге жұмсалатын шығыстардың бекітілген үлесінен тұрады. Күнкөрістің ең төменгі деңгейін есептеуге арналған аз тұтынылатын азық-түлік емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шығыстардың үлесі ең төменгі тұтыну қоржыны құнының 40 пайыздық мөлшерінде белгіленген.