«2013 жылдан бастап Паркинсон ауруы және басқа да қозғалыс бұзылысы кезінде миды терең ынталандыру жүйесі енгізілді. Бұл операцияның мақсаты - созылмалы тремор мен өздігінен болатын патологиялық қозғалысты болдырмау. Бүгінде 500-ден астам ота жасалды. Слайдтан Паркинсон ауруына шалдыққан пациенттің мотор функциялары бұзылғанын көре аласыз. Мидың терең құрылымдарын нейростимуляциялаған соң 3 айдан кейін науқас дәрігердің тапсырмаларын нақты орындап, іс-әрекетінде нақтылық және функционалдық қалпына келеді. Яғни адам өзіне толықтай қызмет ете алады», - деді Серік Ақшолақов елордада өтіп жатқан нейрохирургтардың V конгресінде.
Сондай-ақ, ұлттық орталық басшысы отандық нейрохирургия саласындағы басқа да жаңашылдықтарға тоқталып өтті.
«Біз енгізген жаңа әдістердің бірі - дәріге төзімді эпилепсияны хирургиялық емдеу. Бүгінде бұл салада 400-ден астам операция жасалды. Бұл гемисферэктомия, лобэктомия, гиппокампэктомия, вагус нервінің нейростимуляциясы, құрылымдық симптоматикалық эпилепсияны емдеу. Сонымен қатар гидроцефалияны емдеудегі әдістердің бірі - аз инвазивті нейрохирургия. Гидроцефалияны емдеу тәсілімен 200-ден астам пациентке ота жасалды», - дейді маман.