Елімізде президенттік сынамалар айлығы өтіп жатыр (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі өткен аптаның сенбі, жексенбі күндері Астана қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда президенттік сынамаларды тапсыру спорттық іс-шарасын өткізді.

Оған аталмыш ведомствоға бағынышты 5 мемлекеттік мекеме мен өзге министрлік және агенттіктердің қызметкерлері қатысты.

Спорттық шарада барлығы 9 мемлекеттік мекеме, 465 қызметкер бақ сынады. Олардың ішінде ең белсендісі ҚР Ішкі істер министрлігі болды. Аталған министрлік тарапынан президент сынамаларын тапсыру үшін 60-қа жуық қызметкер келді. Сондай-ақ, еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі де белсенділік танытқанын айта кеткен жөн.

Қызметкерлер ұзындыққа секіру, қысқа қашықтыққа жүгіру (60 және 100 м) және ұзақ қашықтыққа жүгіруден (500, 1000, 2000, 3000 м) сынақ тапсырды. Ал, екінші кезең осы аптаның соңында өтеді. Ол кезде қызметкерлер пневматикалық винтовкамен ату, кермеге тартылу (әйелдер арқада жатып кеудесін көтеру) және жүзуден сынға түседі.

Агенттіктің бастамасымен 25 сәуір мен 25 мамыр аралығы президенттік сынамалар айлығы болып аталды. Бүгінде осының аясында мұндай сынамалар еліміздің барлық өңірінде өтуде. Мұның басты мақсаты - салауатты өмір салтын насихаттап, халықтың денсаулығын, дене дайындығының қай деңгейде екені анықтау.

Астанадағы шараның ашылу салтанатына Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов, Агенттік төрағасының орынбасарлары Елсияр Қанағатов пен Сәрсен Құранбек және спорт қайраткерлері қатысты.

Осы ретте бұл сынаманың ерікті түрде өтетінін айта кеткен жөн. Яғни, нәтижесі қандай болсын, қызметкердің жұмысына әсер етпейді, деп хабарлайды Спорт және дене шынықтыру агенттігінің баспасөз қызметі.