Елімізде сәбилердің шетінеуі біршама төмендеді - Денсаулық сақтау министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде сәби шетінеуі азайып келеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президентінің «Қазақстан - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын талқылауға арналған жиында ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова айтты.

Елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі маңызды көрсеткіштерінің бірі бала шетінеуін төмендету болып саналатындығын баса айтқан министр: «2008 жылдан бергі көрсеткіштердің төмендеу қарқынын ескерер болсақ, онда біз 2018 жылға қарай Еуроодақ көрсеткіштеріне қол жеткізетін боламыз әрі біздің көрсеткіш мың туылған балаға 3,5-ті құрайды», - деді.

Министрдің алға тартқан деректеріне қарағанда, 2007 жылы республикада дүние есігін ашқан мың сәбидің 14,7-сі шетінейтін.

«Бұл ТМД елдеріндегі ең жоғары көрсеткіш болатын», - деген министр өткен жылы бала өлім-жітімінің көрсеткіші 11,3-ті құрап, біршама төмендегенін жеткізді.