Оның деректеріне қарағанда, 2009 жылдың 9 айындағы мәліметтер бойынша, сот -құқық қорғау органдарының 18 мың 499 азаматқа қатысты тұтқынға алу жөніндегі қолдау хаттарын қанағаттандырған.
Ал ағымдағы жылдың сәйкес мерзіміндегі көрсеткіш 14 мың 654-ті құрап отыр. Елімізде тұтқынға алуды сот тарапынан санкциялау шаралары енгізілген кезінен бастап, сотқа санкция беру туралы өтініш білдірушілер саны 30-35 пайызға кеміп отыр. «Мұның себебі тергеу органдары жеңіл және орташа деңгейдегі істер бойынша сотты мазаламайтын болды. Олар тек осы топтағы жекелеген істер бойынша ғана, оның өзінде істі жан-жақты тексергеннен кейін істі сотқа жолдайтын болды. Ал жалпы алғанда санкциялау шараларының басым бөлігі кісі өлтіру, тонау, кісі зорлау сияқты әрекеттермен байланысты. Ол әрине міндетті түрде санкциялануы тиіс», деді Жоғарғы сот өкілі.
Сондай-ақ оның мәліметтеріне қарағанда, елде жеңіл істер бойынша сотқа түскен қолдау хаттардың тек 2,7 пайызы, ал орташа деңгейдегі істердің 22 пайызы ғана санкцияланған.