«Біз жоғары оқу орындарын қысқарту мақсатын алға қойып отырған жоқпыз. Дегенмен небәрі 50-200 студент білім алатын әлсіз жоғары оқу орындары да бар. Олар толыққанды жоғары оқу орындары емес. Бүгінде біз оларды біріктіріп, үлкейтудеміз. Менің пайымымша, бұл дұрыс үдеріс», - деді министр.
Сонымен қатар Б.Жұмағұлов жоғары оқу орындарының көпшілікке қол жетімділігіне алаңдаушылық танытты. Оның алға тартқан деректеріне сәйкес, соңғы 10 жылдың ішінде әлемде студенттер саны 1,5 есе, ал елімізде 2,7 есе көбейген.
«Мен жоғары білім алуға ұмтылу өте жақсы екендігін білемін. Дегенмен жоғары білімнің көпшілікке қол жетімді болу турасында сөз қозғалғанда, біз нені жоғалтамыз? Білім сапасын жоғалтамыз. Мен 240 мың студент білім алатын Каир университетінде болдым. Аудиторияға кірсем, бір лектор 5-7 мың студентке дәріс оқып тұр. Бұл орайда білімнің сапасы туралы сөз қозғаудың өзі артық қой», - деді ол.