Елімізде су құбырларын пайдалануға жауап беретін мекеме жоқ ? сенатор пікірі

АСТАНА. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -Ауыл шаруашылығына бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді. Ал оның тиімді игерілуі күмәнді.

Бұл туралы бүгін Сенат депутаттарының Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерімен болған кездесуі барысында сенатор Қожахмет Баймаханов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, қазір еліміздің аймақтарында салынып жатқан су құбырларының пайдаланылуына жауапты мекемені табу мүмкін емес. Осыған орай ауыл шаруашылығы мамандарына наразылығын білдірген депутат «Сіздер бұл мәселеде бар жауапкершілікті ылғи да ауыл әкіміне сырғыта саласыздар. Мен осыған дейін бұны тек Қызылордада ғана қалыптасқан мәселе ме деп ойлап, республиканың өзге де аймақтарына хабарласып, жағдайдың мәнін білдім. Өкінішке орай, олар да осындай проблеманың бар екендігін айтып жатыр. Яғни олардың да аймағындағы су жүйелерінде ие жоқ», деді депутат. Оның сөзінше, елде миллиондаған теңгеге жүздеген шақырым су құбырлары жүргізіледі. Ал сол су жүйелерінің жұмысы екі-үш айдан соң-ақ тоқтап қалады. «Оның себебі, сол жерде жұмыс істейтін арнайы маман да техника да жоқ. Ал жалғыз ауыл әкімі қыруар шараны жүзеге асыра алмайтыны белгілі. Біз ауызсу мәселесіндегі жұмыстарды осыдан бастауымыз қажет», деді Қ.Баймаханов.