Елімізде су тасқынынан бұзылған 27 автожолдың 22-сі қалпына келтірілсе, 4-уі айналма жол арқылы қамтамасыз етілді

Фото: None
АСТАНА. Наурыздың 24-і. ҚазАқпарат - Бүгін елімізде су тасқынынан бұзылған 27 автожолдың 22-сі қалпына келтірілсе, 4 учаскедегі қатынас айналма жол арқылы қамтамасыз етілуде, ал 1 учаскеде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл ақпаратты ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі таратып отыр.

Атап айтқанда, Алматы облысында ұзындығы 800 метрлік айналма жол және Қызылағаш өзені арқылы өтетін уақытша көпірдің салынуына байланысты наурыздың 21-і күнгі сағат 23.30-да Алматы-Өскемен автожолының Қызылағаш-Жансүгіров учаскесі бойынша қозғалыс ашылды.

Сонымен қатар, Үшарал-Достық автожолының 81-83 шақырымдық учаскелері бойынша айналма жолдағы автокөлік қозғалысы қамтамасыз етілген. Аталған учаске бойынша жолды батпақтан тазалау жұмыстары жүргізілуде. Айналма жолдың сызбасы Көлік және коммуникация министрлігінің www.mtk.gov.kz сайтында, «Автомобиль жолдары комитеті» бөлімінің «Автомобиль жолдары» бөлімшесінде орналастырылған.

Соңғы жаңалықтар