Комитет мәліметіне қарағанда, табысы күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасынан төмен ауылдық жердегі халықтың үлесі қалалық жердегі халықтың үлесінен 4 есеге артып, жалпы ауыл халқының 4,9 пайызын немесе 384,1 мың адамды құрап отыр. Сонымен қатар, 2014 жылдың 2 тоқсанында табысы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың басым үлесі Оңтүстік Қазақстан (5,5 пайыз), Жамбыл (3,6 пайыз) облыстарына тиесілі болса, ең аз үлесі Астана (0,3 пайыз) және Алматы (0,7 пайыз) қалаларында байқалады.
«Үй шаруашылықтарының ақшалай шығыстары олардың материалдық қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты. Халықтың шығыстары мен тұтынуы децильдік бөлу кезінде табыстар сияқты айтарлықтай саралануды көрсетеді. Мысалы, 2014 жылдың 1 тоқсанында 10 пайыз ең аз және 10 пайыз ең көп қамтамасыз етілген халықтың азық-түлік тауарларына жұмсаған шығыстары арасындағы айырмашылық 4,2 есені, азық-түлік емес тауарларға - 6,1 есені, ал ақылы қызметтерге - 8,2 есені құрады», - делінген баспасөз баянында.