Елімізде табысы төмен адамдарды ынталандырудың тетігі іске асырылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында қаржылай көмек көрсетуді қарастыратын «Өрлеу» жобасын жүзеге асырудың аралық нәтижесі таныстырылды.

Атаулы әлеуметтік көмек жаңа үлгіде шартсыз және шартты ақшалай көмек болып 2 түрге бөлінеді.

Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларына (мәселен, қарт зейнеткерлер мен мүгедектер отбасы) немесе еңбекке жарамды мүшелері еңбекпен қамту шараларына объективті себептермен қатыса алмайтын отбасыларына (мысалы, мектеп жасындағы балалары бар жалғызбасты ана) беріледі. Мұндай отбасыларынан жәрдемақы алуы үшін жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысу талап етілмейді.

Шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамды кем дегенде бір мүшесі бар отбасына әлеуметтік келісімшарт жасасқан жағдайда, сонымен қатар, отбасының барлық еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан жағдайда беріледі. Бұндай көмекке ең төменгі күнкөріс деңгейінің жартысынан табысы төмен отбасылар жүгіне алады.

Әлеуметтік келісімшартқа қол қоя отырып, тараптар өзара жауапкершілікті мойындарына алады: әлеуметтік қызметтер жұмыспен қамту шараларын қарастырып, жәрдемақы төлесе, отбасының еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына адал ниетпен қатысады.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, бұл жаңа әлеуметтік көмек қазіргі қолданыстағы жәрдемақыны алмастырады. Оның ішінде көпбалалы отбасыларына арнайы мемлекеттік жәрдемақыны, аз қамтылған отбасыларына арналған 18 жасқа дейінгі мемлекеттік балалар жәрдеамақысын, аз қамтылған үй шаруашылығына берілетін атаулы әлеуметтік көмекті ауыстырады. Әзірге осы үш төлем жүзеге асырылады. Алайда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап бір төлемге өзгереді.

Сонымен қатар адамдарға тектен тек ақшалай көмек ұсынылмайды, оған жұмысқа орналасуға көмек беріледі, қайта даярлау мен кәсіби біліктілігін арттыру үшін әртүрлі курстарға жіберіледі. Осылайша, отбасының кедейлік жағдайынан шығу мүмкіндігі ынталандырылады. Атап айтқанда, отбасының еңбекке жарамды мүшелері өзінің еңбекақасынан бөлек, жаңа атаулы әлеуметтік төлемдерді алады. Бұл шамамен отбасының әрбір мүшесіне 13 мың теңгеден (өңірлер арасында айырмашылық бар) тиесілі болады. Олар бұл көмекті ай сайын немесе бірден үш айға алуға құқылы. Төлемдер бір жылдан кейін тоқтайды, яғни отбасының жағдайы жақсарғаннан кейін доғарылады.

2016 жылы жоба еліміздің барлық өңірлерінде іске асырылуда. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен ағымдағы жылға 1,4 млрд. теңге қарастырылған. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, 2016 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша «Өрлеу» жобасысының аясында көрсетілетін шартты ақшалай көмек жалпы сомасы 163,2 млн.теңге көлемінде 12,4 мың адамға тағайындалды. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 2,8 мың адам немесе «Өрлеу» жобасының еңбекке қабілетті қатысушыларының жалпы санынан 87,6 % шақырылды.