Елімізде тұмауға қарсы егу жұмыстары сегіз өңірде 98 пайызға аяқталды - Ш. Жандосов

АЛМАТЫ. 2 қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - ҚР Денсаулық министрлігінің бұйрығына сәйкес қазанның 1-і мен қарашаның 15-і аралығында тұмауға қарсы егу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір сегіз өңірде бұл жұмыс 98 пайызға аяқталды.

Бұл туралы бүгін Алматыда «Сырқаттан сақтанудың тиімді жолы - вакцина жасау» деген тақырыппен өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Шалғынбай Жандосов мәлім етті.

Оның айтуынша, қазіргі таңда республикамызда 814 мыңнан аса адам вакцина алған. «Оның 680 мыңнан аса адамы жергілікті бюджет есебінен, жұмыс берушілер есебінен 73 мың -нан аса адам, ақылы түрде 60 мыңның үстінде адам вакцина алды. Үкімет тарапынан бұл шараға биыл екі есе қаржы - 577 млн. 245 мың теңге бөлініп, оған 784 131 вакцина сатып алынды. Вакцина жүрек ауруымен, созылмалы өкпе қабынуымен ауыратын балаларға және 60 жастан асқан, диспансерде есепте тұрған қарттарға жасалды. Өткір респираторлық вирусты инфекция мен тұмау ауруын алдын-алуға бағытталған айлық шара желтоқсанның біріне дейін өтеді»,-деді ол.

Шалғынбай Жандосовтың айтуынша, қазіргі уақытта өткір респираторлық вирусты инфекция ауру көрсеткіші 1,9 пайызға төмендеп отыр.

Оның айтуынша, Жыл сайын еліміз бойынша 1 млн 200 мыңға жуық адам тұмау мен ОРВИ-ге шалдығады. «Сырқатқа шалдыққандардың негізгі бөлігін (70%) 14 жасқа толмаған балалар құрайды»,-деді ол.

Баспасөз мәслихаты барысында бұнымен қатар,: «Бүгінде Қазақстанда 14 жасқа дейінгі балалар сырқаттарының арасында тыныс жолдары ауруларының үлесі 48,4% құрайды. 5 жасқа дейінгі балалар негізінен өткір респираторлық вирусты инфекциялар (ӨРВИ, пневмония) мен ішек инфекцияларының кесірінен көз жұмып отыр. Балалардың өліміне көбіне өткір респираторлық сырқаттардың асқынып кетуінен болатын «пневмония» тікелей әсер етуде»,- деп атап өтілді.