Қазақстандағы бірінші және алғашқы жоба «Зерде» инфокоммуникация холдингі мен «Huawei-Almaty» компаниясының және Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің бірлескен жұмысының нәтижесінде мүмкін болды.
"Зертхананың негізгі қызметі - Open Source технологияларын пайдалану арқылы «бұлтты есептеулер», «ашық жүйелер» бағыттары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын өткізуге, сонымен қатар, жоғарыда аталған бағыттар бойынша ІТ-шешімдерді зерттеу мен тестілеуге және ІТ-мамандарды дайындауға бағытталады", - деді Ақпараттық технология саласындағы ғылыми-техникалық дамыту департаментінің директоры Бақытжан Битеміров.
«Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ-ның басқарма төрағасы Нұрлан Измайыловтың айтуынша, зертхананың ашылуы елімізде "ашық кодтар базасындағы "бұлтты есептеулер" және "ашық жүйелер" атымен танымал ақпараттық комуникациялық технологиялардың жаңа бағыттарын дамытуға бағытталатын болады. "Бұл жүйелер бүкіл әлемде қазіргі уақытта қарқынды даму үстінде. Сондықтан, оларды дамыту кез келген мемлекеттік немесе коммерциялық құрылымның қызметіне оң әсерін тигізеді деп санаймын. Бұл сонымен қатар, қымбат жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алуға кететін артық шығындарды жоюға, сондай-ақ, жалгерлік негізде пайдаланушыларға барлық қажет болатын ІТ-ресурстармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал, кадрларды дербес түрде дайындау - елімізде өзіміздің біліктілігі жоғары мамандарымыздың санының артуына ықпал етеді", - деді ол зертхананың ашылу салтанатында.
Оның пікірінше, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті базасында осындай зертхананы құру мемлекет пен жеке сектор арасындағы өзара ықпалдастық мысалы ғана емес, сонымен қатар, инновациялық экономиканың жаңа үлгісіне өту жолындағы білім жүйесінің үлгісі болмақ.
Шараның ашылу салтанатына ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі, ҚХР Бас консулдығы, «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ және «Ұлттық инновациялар қоры» өкілдері арнайы қатысты.