Елімізде ҰБТ-ға қатысатындар саны артып отыр

АСТАНА. 24 мамыр. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысуға ниет білдірушілер саны артып отыр.

Бұл туралы бүгін Білім және ғылым вице-министрі Серік Ырсалиев журналистермен болған баспасөз мәслихатында айтты.

Оның сөзіне қарағанда, 2005 жылдан бастап елімізде ҰБТ-ға қатысқысы келетін балалар саны кеміп келген болатын. Алайда биылғы жылғы көрсеткіштер ҰБТ-ға қатысам деушілердің керісінше артып отырғандығын көрсетті. «Биылғы 129 мың мектеп түлегі, яғни жалпы түлектердің 81 пайызы ҰБТ тапсыруға ниетті екендіктерін білдірді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 79 пайыз болатын. Бізді сондай-ақ ҰБТ-ға қатысушылардың өздері таңдаған мамандықтары бойынша, пән таңдау көрсеткіштері де қуантып отыр»,-деді вице-министр.

Оның айтуынша, ҰБТ іске қосылғаннан кейінгі 4 жылда түлектер 4-ші пән ретінде географияны таңдайтын. Яғни түлектердің көбі гуманитарлық мамандық иелері атанғысы келетін. «Ал соңғы 4 жылда бүл үдеріс өзгере бастады. Яғни бүгінгі жастар 4-ші пән ретінде физика, биология немесе химия пәндеріне ықылас танытып отыр. Бұл мектеп түлектерінің басым бөлігі техникалық мамандық иесі атануды дұрыс деп тауып отыр дегенді білдіреді. Бұған мемлекет тарапынан бөлінетін гранттардың көбін техникалық салаға бағыттау шарасының айтарлықтай ықпал еткендігін айта кету керек», - дейді министрдің орынбасары.