Елімізде Ұлттық ақпараттық дәрі-дәрмек орталығы құрылады

АСТАНА. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елімізде Ұлттық ақпараттық дәрі-дәрмек орталығы құрылады. Бұл туралы бүгін аталған ведомствода өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және дәрі-дәрмек қызметін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Лариса Пак мәлім етті.

«Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған "Салауатты Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында медициналық және фармацевтикалық қызметкерлердің, сонымен қатар ел халқын сенімді әрі дер уақытылы ақпаратпен қамтамасыз ету үшін ұлттық ақпараттық дәрі-дәрмек орталығын құрады», деді ол өз сөзінде.

Оның пайымдауынша, бірыңғай ақпараттық жүйе министрлікте дәрі-дәрмектің тұрақты статистикасының болуына және қанша қаржы керектігіне сараптама жасауға мүмкіндік береді.

Бағдарламаның негізгі мақсаты Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту және елдің әлеуметтік-демографиялық тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау жүйесінің бәсекелестік қабілеттілігін қалыптастыру болып табылады. Бұдан бұрын бағдарлама Премьер-Министрдің орынбасарының қатысуымен өткен Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілістерінде, облыстардың, медицина мекемелері басшыларының, қоғамдастықтар және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен өңірлік кеңестерде, денсаулық сақтау жүйесінің жұмыс семинарлары мен конференцияларында талқыланған еді. Аталған бағдарламаны жүзеге асыруға мемлекет бюджетінен 552,3 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр.