Елімізде ұлттық спортпен айналысатындардың үлесі артты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Әлемдік этноспорт ойындарын Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында өтеді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Ұлттық спорт түрлерімен айналысушылардың үлесі 2013 жылғы 5,9 пайыздан 2016 жылы 6,6 пайызға артты. Ұлттық спорт түрлері бойынша республикада 9 мамандандырылған спорт клубы, 10 спорт мектебі және Астана қаласында ұлттық және ат спорты түрлері орталығы жұмыс істеп жатыр», - деді министрҮкіметтің селекторлық режимдегі отырысында.

Арыстанбек Мұхамедиұлы сонымен бірге, этноспорт жанкүйерлері үшін жағымды жаңалықпен бөлісті.

«Ерекше атап өтетін жайт - осы жылдың 12 тамызында Түркияның Ерзурум қаласында «Түркі ойындары-2018» шеңберіндегі 2021 жылы Астанада тарихтағы тұңғыш әлемдік этноспорт ойындарын өткізу туралы шешімі қабылданды. ЮНЕСКО бастамасымен жасалған әлемдік этноспорт ойындарын 2021 жылы - Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өткізу жоспарлануда», - деді министр.

Еске сала кетейік, біз бұған дейін Қазақстанда ЮНЕСКО бастамасымен І Әлемдік этноспорт ойындары өтетіндігі туралы хабарлаған болатынбыз.