«Вакциналау бойынша еш мәселе көріп отырған жоқпын. Қазір біз азаматтарымызға вакцина алуға жағдай жасауымыз керек. Қажетті вакцина көлемі Қазақстанда бар. Алғашында мұны ерікті түрде деп жариялаған едік. Бірақ, жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, қосымша шаралар қабылдауға мәжбүр болдық», - деді Ералы Тоғжанов.
Спикердің айтуынша, елімізде 2,4 млн доза вакцина бар және оған қосымша тағы 2 млн вакцина жеткізіледі.
«Біздің басты міндетіміз – азаматтарға вакцина алуды қолжетімді ету. Қазіргі уақытта Қазақстанда 2,4 млн доза вакцина қоры бар. Оған қосымша екі аптада тағы 2 млн вакцина жеткізуді қамтамасыз етеміз.
Шындығында, вакциналау қарқыны көңіл көншітпей отыр. Мұны бәріңіз жақсы білесіздер. Бұл бірқатар облыстар мен Нұр-Сұлтан қаласына қатысты. Сондықтан, вакциналау санын арттыру талаптары күшейеді, тәулігіне 70 мың дозаға дейін жеткізу міндетін қойып отырмыз. Осы межеге ұмтылатын боламыз», - деді Ералы Тоғжанов.