Елімізде заң шығарудың қолданыстағы рәсімдерін оңтайландыратын нормалар енгізілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы халықаралық тәжірибені ескере отырып, Қазақстанда нормашығармашылық практикасын реформалау мақсатында әзірленді. Құқық қолдану практикасындағы проблемаларды жою, ведомствоаралық үйлестірудің тиімділігін арттыру жөніндегі бірқатар міндеттерді шешу ұсынылады. Заң жобасында азаматтарды заңнамалық бастамаларды талқылау процесіне тарту практикасын жетілдіруге, заң шығарудың қолданыстағы рәсімдерін оңтайландыруға мүмкіндік беретін нормалар енгізіледі.

Заң жобасының негізгі ережелерінің бірі заңнама алдындағы талдау нысаны ретінде заң жобасының тұжырымдамасы мәселесін айқындау болып саналады. Заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органның консультативтік құжатты оған тиісті талдамалық материалдарды қоса бере отырып қалыптастыру және оны жұртшылықпен талқылау міндеті белгіленеді. Талқылау қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар проблемаларды және оларды шешудің ұсынылатын жолдарын пысықтайды.

Заңнамалық актілер жобаларының ғылыми сараптамасын ұйымдастырудың түбегейлі жаңа моделі енгізіледі. Ғылыми құқықтық сараптаманы сарапшылар тізілімінде тұрған адамдар жүргізуі тиіс, ал сарапшыны таңдау рәсімін сарапшының рейтингі мен оның ғылыми жетістіктерін ескере отырып, мамандандырылған ақпараттық жүйе жүргізетін болады.

Заң жобасында «Е-заңнама» электрондық жүйесі енгізіледі, ол заң жобаларын әзірлеуді барлық әзірлеу кезеңдерінде (заң жобасының тұжырымдамасын талқылаудан бастап оған қол қойылғанға дейін) сүйемелдейді, бұл заңдар мен нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу мен талқылауға жұмсалатын уақытты қысқартуға мүмкіндік береді.

Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар құжат жобасының мазмұнын жақсартуға бағытталған бірқатар түзетулер енгізді.

Оған сәйкес Үкімет енгізген заң жобасын Парламентте қарау барысында орталық мемлекеттік органдардың уәкілетті адамдарына Үкімет басшылығымен алдын ала келісілгеннен кейін оған өзгерістер және толықтырулар енгізуге бастамашылық жасау құқығы берілетін норманы депутаттар алып тастады. Себебі, заң жобаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу құқығы депутаттық корпусқа тиесілі.

Парламент депутаттарының заң шығару бастамасы тәртібімен енгізілген заң жобалары, сондай-ақ депутаттық түзетулер бойынша реттеушілік әсерді талдау жүргізу мәселелерін шешу ұсынылады.

Бұдан басқа, құқықтық олқылықтарды болғызбау, заң жобасының нормаларын бір-біріне және басқа да заңнамалық актілерге сәйкес келтіру мақсатында редакциялық, нақтылаушы сипаттағы түзетулер енгізілді.