«Заңсыз өнім айналымы фармацевтика саласын да айналып өтпеді. Әсіресе, COVID-19-ға қатысты жалған дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың таралуы өзекті болып отыр. Жалған дәрі-дәрмек контрафактілік тауарлардың ішіндегі ең зияндысы әрі қауіптісі. Соңғы жылдары дәрі-дәрмекті заңсыз өндіру, сату мен тұтынудың айтарлықтай өскені байқалып отыр. Мысалы, өткен жылы Алматыда Экономикалық тергеу департаменті бөгде тауар таңбасын пайдалана отырып, орамасын қолдан жасап, жарамдылық мерзімін өзгерту жолымен дәрілік заттарды дайындау жөніндегі жерасты цехының қызметін анықтап, тоқтатты», - деді Ербол Оспанов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, бүгінде жалған өнім дайындайтын цехтарды анықтап, қызметін тоқтату басты міндет болып отыр.
«Контрафактілік жағдай етек жайып отырған тағы бір сала – азық-түлік. Жыл сайын әлемде мыңдаған тұтынушы жалған тамақ сатып алады. Алаяқтар тауардың маркировасын қате жазу және өндірілген ел бойынша жалған ақпарат беру арқылы ұсталып жатады. Бұл әрекеттің тағы бір теріс тұсы бағаны жасанды өсіруге әкеліп соқтырады», - дейді ол.
Айта кетсек, елордада контрафактілік тауар айналымы мәселесіне арналған халықаралық форум өтті.
Осыған дейін елімізге 30 млрд-тан астам теңгенің контрафактілік өнімі әкелінгені белгілі болды.
Одан бөлек , елімізде контрафактілік өнім саласында 77 млн теңгеге заң бұзушылық анықталғанын айтылды.