Елімізде жанар-жағармайдың жеткілікті қоры бар – Энергетика министрлігі

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Энергетика министрлігі еліміздегі жанар-жағармайдың қоры туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Энергетика министрлігі электр энергиясының жоқтығынан Атырау мұнай өңдеу зауытының технологиялық және қосалқы нысандары апатты жағдайда тоқтағанын растады.

«Авариялық жағдайларды реттеу және оқшаулау жоспарларының талаптарына сәйкес нысандар тоқтатылды. Технологиялық газ алау қондырғыларына жіберілді», -деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Министрліктің мәліметінше, Шымкент МӨЗ АИ-95 автобензинін шығаруды шектей отырып, каталитикалық риформинг қондырғысы катализаторының регенерациясы жұмысын жалғастыруда.

«Қазір еліміздегі мұнай базаларында, МӨЗ резервуарларында жанар-жағармайдың жиынтық қорлары төмендегідей. АИ-92 автобензині 351 мың тонна, бұл елдің 23 тәуліктік қажеттілігін жабуға жеткілікті. Аи-95 бензині – 46 мың тонна (15 тәулік), дизель отыны – 520 мың тонна (29 тәулік). Жанар-жағармай елдің қажеттілігін толық көлемде қамтамасыз етеді және Шымкент және Павлодар ұнай өңдеу зауыттары жөндеуден шыққан сәтке дейін жеткілікті», -делінген министрліктің ақпаратында.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын электр қуатының жоқтығынан Атырау мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатқанын хабарлаған едік.

Зауыттың қоғаммен байланыс бөлімінің мәліметінше, электр желісіндегі ақаудың салдарынан қондырғылардың жұмысы апаттық жағдайда тоқтатылған.

«Атырау мұнай өңдеу зауыты бүгін, 3 шілде күні жергілікті уақытпен сағат 17:25-те жұмысын тоқтатты. Бұған «KEGOC» АҚ тарапынан электр энергиясының өшірілуі себеп болды. Технологиялық регламентке сәйкес апатты жағдайдың алдын алу мақсатында электр энергиясының сыртқы желілерін толық қалпына келтіргенге дейін зауыттың отын желісі факелге жіберілді. Ақауларды жою нәтижесі туралы қосымша хабарланады», - деп мәлім етті зауыттың қоғаммен байланыс бөлімінен.