Елімізде жазасын өтеген қылмыстық әлемнің серкесі «Ландия» республика аумағынан шығарылды

АСТАНА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ішкі істер саласының қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдерімен бірлесіп жүргізілген операцияның барысында ұйымдасқан қылмыстық топтардың 5 басшысы мен 25 белсенді мүшесіне және қылмыстық әлемнің 8 беделдісіне қатысты қылмыстық іс қозғады.

Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз-мәслихатында Ішкі істер министрлігінің Криминалдық полиция комитетінің төрағасы Сұлтан Күсетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, тәртіп сақшылары елдегі қылмыстық ахуалды оңалтуға бағытталған және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдерімен бірлесіп жүргізілген жедел-сауықтыру шарасын мамырдың 11-і мен 17-сі аралығында жүргізген. «Мамырдың 15-і күні Астанада ойын-сауық орындарына «қамқорлық» жасап, орталық аймақта есірткі саудасын бақылаумен айналысып жүрген қылмыстық топтың басшысын ұстады. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында орта және жоғары білім беру орындарында ақша жинауды ұйымдастырып жүрген азаматты қолға түсірді. Сонымен қатар ұйымдасқан қылмыспен байланысты заңсыз әрекеттерге барған 28 азамат қолға түсті. Ал мамырдың 13-і күні «Ландия» деген есіммен белгілі «Вор в законе» атағы бар қылмыскер елімізде қылмыстық жазасын өтеген соң ел аумағынан шығарылды», деді комитет төрағасы.

Сондай-ақ оның айтуынша, аталмыш операция барысында ұйымдасқан қылмыспен байланысты 97 қылмыстық іс қозғалып, олардың 3-уі осындай топтарды ұйымдастырумен және басқарумен байланысты болды.