Елімізде жеке сот орындаушыларының саны артып келеді - Марат Бекетаев
Жиында баяндама жасап, Үндеу мен Жолдауға байланысты алда тұрған мақсат-міндеттерге жан-жақты тоқталған министрдің айтуынша, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 27-інші қадамында жеке сот орындаушылардың институтын одан әрі дамыту, сот орындаушыларының мемлекеттік қызметін біртіндеп қысқарту көзделген. Сот шешімдерін орындау саласындағы мемлекет саясатын қалыптастыру - Әділет министрлігі қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Сондықтан жаңғырудың үшінші кезеңінде министрлік атқаратын міндет жүгі де үлкен. Қазіргі таңда жеке сот орындаушылары институтын дамыту мақсатында сот приставтарын қысқарту жүзеге асырылуда. Бұл институт енгізілгеннен бері 4203 лицензия берілген. Егер 2015 жылы 996 жеке сот орындаушысы жұмыс жасаса, 2016 жылдың қорытындысы бойынша олардың жалпы саны 40 пайыз дерлік көбейіп, 1347-ге жеткен. Ал көмекшілер мен іс қағаздарын жүргізушілерді қоса есептегенде, бұл салада 4 мыңдай маман бар.
«Күні бүгін сот орындаушылары 26 мемлекеттік органдардың 52 деректер базасынан нақты ақпараттарды алып отырады. Құжаттарды электронды түрде алу және сот орындаушылары қаулыларын санкциялау бойынша Жоғарғы сот және ҚР Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелерімен қарым-қатынас орнатылған. Бұл дәлме-дәл есепті тез жүргізіп, атқарушылық құжаттарының жоғалуын барынша болдырмауға мүмкіндік береді. Берешегі барлардың мүлкіне тыйым салу мен одан шығарудың да электронды тетіктері жасалып, қолданылуда. Батыс Қазақстан облысында 48 жеке сот орындаушысы болса, соның 29-ы Орал қаласында, 19-ы облыс аудандарында. Барлық аудандар жеке сот орындаушылары қызметімен қамтылған. Бұл шаралардың бәрі әр азаматтың өмір сүру деңгейін көтеріп, олардың конституциялық құқығы мен заңды мүддесін қорғауға бағытталған», деді М.Бекетаев.
Жиында сондай-ақ Әділет министрлігі мемлекеттің мүліктік құқығын қорғау жөніндегі департаменті директорының орынбасары Марат Елемесов, Зеленов ауданындағы «Шоңайбеков» шаруа қожалығының жетекшісі Сергей Шоңайбеков, облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Светлана Бахишева Жолдауға байланысты өз ой-толғамдары мен ұсыныс-тілектерін жеткізді.
Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі Алтай Көлгінов Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға барша азаматтар белсенді қатысса, еліміздің дамудың жаңа кезеңіне өтетініне сенім білдірді.