Елімізде жемқорлыққа қарсы үздік материал жазған журналистер арасында байқау жарияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде жемқорлыққа қарсы үздік материал жазған журналистер арасында байқау жарияланды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлықтың алдын алу департаментінің басшысы Әли Көмекбаев мәлім етті.

«Осы айдың басында агенттік үздік журналистік жұмысқа байқау жариялады. Ол «Үздік телевизиялық жұмыс», «Үздік баспа жарияланымы», «Үздік интернет жарияланымы» аталымдары бойынша өтеді. Байқау қорытындысын келесі айдың соңында шығаруды жоспарлап отырмыз», - деді ол.

А.Көмекбаевтың сөзіне қарағанда, байқауға материалдар осы айдың соңына дейін қабылданатын болады. Оған 2015 жылғы 1 қаңтардан 30 қарашаға дейін БАҚ-тарда жарияланған мақалалар, теледидардан шығарылған бейнематериалдар мен арнайы бағдарламалар циклдері жіберіледі.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты - бұқаралық ақпарат құралдарының үздік жариялымдары арқылы қоғамдық санаға әсер етіп, жұртшылықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін жоғарлату және құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік ахуалын қалыптастыру. Байқауға республикалық және облыстық БАҚ-тар, интернет-порталдардың редакциялары, сондай-ақ жекелеген авторлар, журналисттер қатыса алады.