Елімізде жетім балалардың тамақтануын жақсарту жобасы қолға алынды

АЛМАТЫ. Қарашаның 17-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Қазақстанда жетім балалардың тамақтануын жақсарту жөнінде ғылыми жоба қолға алынды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жоба жарты жыл бойы жоспарланып келді. Бұл  ілкі жобаға Астана, Алматы қалалары және облыстарындағы сегіз балалар үйіндегі 6 ай мен 3 жас аралығындағы 200 бала қатыстырылады. Одан соң 6 және 120 бала егжей-тегжейлі зерттеуге іріктеп алынады. Бұл зерттеулер балалардың денсаулығының дамуы мен тамағының статусын толық түсінуге, еліміздің басқа да балалар үйлеріне сапалы тағамдарды енгізу үшін тиімді және дұрыс тамақтану жоспарын дайындауға мүмкіндік береді. Жұмыс барысында қазіргі таңдағы қазақстандық балалар үйіндегі балалардың рационында жетіспейтін дәрумендер мен минералдар қосылған нәрлі тағамдарды анықтайтын боламыз.  Жобаның мақсаты - ата-анасыз өсіп жатқан балалардың физикалық   және интеллектуалдық  денсаулығын нығайту болып табылады», дейді Балалар тағамы Қазақ қорының атқарушы директоры Айгүл Сыздықова.

Оның айтуынша зерттеулердің нәтижелері балалар үйіндегілерді тамақтандырудың жаңа заман талаптарына сай ережелері Денсаулық  сақтау министрлігіне кеңес ретінде қарастыруға ұсынылады.

ҚР Денсаулық министрлігінің мәліметтері бойынша  балалар үйіндегі балалардың 40 пайызға жуығының физикалық дамуы артта қалған, 25 пайызынан астам балалар анемиямен ауырады, олардың 16 пайызы тамақ жетіспеушілігінен немесе сапасыздығынан туындаған басқа да кемшіліктерге душар болып отыр. 

Жоба  Балалар тағамы Қазақ қорының, «Nestle» компаниясы мен «Spoon» Халықаралық қорының,  Денсаулық  сақтау министрлігі мен Қазақ тағамтану академиясының қолдауымен іске асуда.

Жобаны ұйымдастырушылардың айтуынша, балалар үйлеріндегі бала тамағын жақсартуды көздейтін жобаның нәтижелері елдің ғылыми, медициналық орталықтары мен халыққа ұсынылып, жоба тамақтану үлгісін қалыптастыруға негіз болады.