Елімізде жол-көлік оқиғасының саны азайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне сәйкес, республика бойынша 2016 жылдың қаңтар айында 2015 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғасы 7,4 пайызға төмендеді.

Еліміздің жолдарында 1121 жол-көлік оқиғасы болып, онда 1656 адам зардап шеккен, ал өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 1210 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 1737 адамның денсаулығына зақым келген, оның ішінде 136-сы қайтыс болған. ЖКО салдарынан 227 кәмелетке толмаған бала жарақат алып, олардың 11-і қаза тапты.

Статистикалық көрсеткіштерге қарағанда, жолдардағы апаттардың себептері өзгермей отыр. Жалпы, 90 пайыздан астам ЖКО жол қозғалысы ережелерін бұзатын жүргізушілердің кінәсінен болады. Сонымен, олардың кінәсінен 1065 апат жасалған, оның ішінде 17-сі алкогольдік және есірткілік мас күйінде болған жүргізушілердің кінәсінен орын алған.

Ең көбісі, яғни 351 ЖКО жылдамдықты арттырудан болды, соның салдарынан 53 адам қаза болып, 430-ы жарақаттанды.