Елімізде ЖРВИ-мен және тұмаумен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты
деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
ЖРВИ-мен және тұмаумен сырқаттанушылық деңгейі былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,2 есеге төмен. Бақылау деңгейінен артуы тіркелген жоқ.
Эпидемиялық маусым басталғалы бері «А» типінің маусымдық тұмауының зертханалық расталған 1 ғана жағдайы тіркелді.
Медициналық ұйымдарда профилактикалық іс-шаралар кешені күшейтілді. Стационарларда науқастарға кіру шектелді, дене қызуы көтерілген науқастарды бөлек қабылдау жүргізілуде.
Ағымдағы эпидемиялық маусымда тұмауға қарсы 1 млн.-нан астам адам егілді, бұл былтырғы эпидемиялық маусымның сәйкес кезеңінен 1,3 есе артық көрсеткіш.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша Еуропалық өңірдің барлық жерінде тұмаудың белсенділігі төмен. Көптеген елдерде ЖРВИ және тұмаумен байланысты медициналық көмекке амбулаториялық жүгінулердің жиілігі маусымдық деңгейлерде қалып отыр.