Елімізде жүргізілетін кез келген экономикалық реформалардың мақсаты - азаматтардың әл-ауқатын жақсарту-Н. Назарбаев

АНА. 1 наурыз. ҚазАқпарат - Елімізде жүргізілетін кез келген экономикалық реформалардың мақсаты - азаматтардың әл-ауқатын жақсарту.

Кеше Ақордада республикалық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.

Елбасы Жолдауда айтылған жаңа әлеуметтік саясат жеделдетілген экономикалық жаңғырумен бірге қазақстандықтардың өмір сапасын айтарлықтай артыруға бағытталғанын атап көрсетті. «Әлеуметтік жаңғырту ісінің түпкі мәні - Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаны одан әрі жүзеге асырып, білім мен ғылым деңгейін арттыру, денсаулық сақтау саласын дамыту, тұрғын үй құрылысын жандандыру, тіл саясатын тиімді жүргізу, ауылға көмек көрсету», - деді Н. Назарбаев.

Президент Қазақстанда білім беруді жаңғыртып, кәсіби және техникалық білім мазмұнын толығымен жаңарту қажеттігін атап өтті. Сапалы білім Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының негізіне айналуы тиіс. Сонымен қатар, денсаулық сақтауды дамытуға баса мән берілуі керек. Бұл орайда, сала алдына қойылған міндеттерді орындау нәтижесінде 2015 жылға қарай қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 70 жасқа дейін, ал 2020 жылға қарай 72 және одан да әріге жетуі қажет.