Елімізде жылыту маусымына дайындықтың орташа деңгейі 82 пайызды құрайды
14:03, 13 Қыркүйек 2010
АСТАНА. Қыркүйектің 13-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстанда алдағы күзгі-қысқы кезеңдегі жылыту маусымына дайындықтың орташа деңгейі 82 пайызды құрайды. Бұл туралы бүгін селекторлық форматағы Үкімет отырысында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин айтты.
«Ағымдағы жылғы қыркүйектің 13-і жағдай бойынша, жылыту маусымына 3 мың 947 қазандықты дайындау жұмысы аяқталды, бұл республика бойынша орта есеппен алғанда 98 пайызды құрайды. Ақтөбе, Атырау, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы қазандықтар қысқа толық дайындалып бітті. Ал, Жамбыл, Маңғыстау, Ақмола, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында қазандықтар дайындалып бітіп қалды», деді С. Нокин.
Оның айтуынша, қазандықтарды жылыту маусымына дайындауда Қызылорда облысында және Астана қаласындағы жұмыстар орташа республикалық деңгейден төмен.