Елімізде жылжымайтын мүлікке бірлесіп инвестиция салатындар қатары артты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан риэлторларының Біріккен ассоциациясы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко бүгінде жылжымайтын мүлікті инвестициялаудың жаңа түрі пайда болғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сатып алушылардың жеке қажеттілігіне байланысты түрлі нысандарға сұраныс бар. Алайда, жақында пайда болған жаңа инвестициялық сұранысты атап өткен жөн. Яғни, инвестиция мақсатында жылжымайтын мүлікті сатып алып, оны жалға беру. Сонымен қатар, флипинг деп аталатын әдіс бар. Онда азаматтар пәтер немесе бизнес кешенінен орын сатып алып, жөндеу жүргізіп, кейін оны қымбатқа сатады. Осындай мақсат бойынша мүлік сатып алуға ниеттілер ескі әрі арзан пәтерлер мен кәсіпкерлікке арналған орындарды іздейді», - деді Нина Лукьяненко тілші сауалына жауап бере отырып.

Спикер қазіргі нарықта ұжымдық инвестицияның жаңа түрі пайда болғанын атап өтті.

«Қазір ұжымдық инвестицияның жаңа түрі пайда болды. Ол дегеніміз бірнеше адам қандай да бір пәтерді немесе бизнеске арналған орынды бірлесіп сатып алу. Яғни, обьектіні алуға қажетті соманы бөлісіп төлейді», - деп түсіндірді Нина Лукьяненко.

Бұған қоса спикер тұрғын үй бағасының төмендеуі кем дегенде бірнеше айға, тіпті жыл соңына дейін жалғасуы мүмкін екенін мәлімдеді.